2019 жылдың 28 қараша күні Ғылыми кітапхана жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген шараларының бірі «Қазақстан-2050 стратегиясын іске асырудағы жастардың рөлі» атты ғылыми-конференциясын ұйымдастырды. Шараға «Экология» кафедрасының оқытушылары мен студенттері, ғылыми кітапхана қызметкерлері қатысты. Ғылыми кітапхана директоры А.М. Айтуарова сөз сөйлеп, іс-шараны ашып берді. Жиын модераторы – Автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Ж.С. Абатова конференцияны жүргізіп, өз ойларын білдіру үшін студенттерге сөз берді.
Ғылыми-конференция «Экология» мамандығының 1 курс студенттері дайындап келген бағдарламасы бойынша ары қарай жүргізілді. Студенттер «Қазақстан-2050» стратегиясының әрбір бөліміне жеке тоқталып, өз пікірлерін ортаға салды. «Қазақстан-2050» стратегиясы әлемнің 20 тіліне аударылды. «Қазақстан – 2050» Стратегиясының мәтінімен Ұлыбритания, Болгария, Испания, Италия, Германия, Румыния, Түркия, Франция, Хорватия, Қырғызстан, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қытай, Корея, Жапония, Иран және Сауд Арабиясы елдерінің азаматтары таныса алады. Студенттер соның ішіндегі орыс, қытай, ағылшын және түрік тіліндегі аудармаларын қысқаша айтып шықты.
Жастардың бәсекеге қабілетін көтеру және патриоттық сезімдерін нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырған осы іс-шараға белсенді түрде қатысқандарды атап кетсек, олар «Экология» мамандығының студенттері О. Ахат, Қ. Аршабекова, А. Нығымаш, А. Төлебаева, Д. Сағатбек, Г. Қоңырбаева, Н. Нұрғали, Т. Оразбек, Н. Темирбаева, З. Сәрсенбай, К. Каиржанова, А. Сәлімгереева, Н. Салайдинова, Ә. Ажиреева, Д. Жанботақызы, А. Темірғалиева, А. Кумет және оларға жетекшілік еткен «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасының аға оқытушысы А.К. Нуркасымова мен каталогтарды ұйымдастыру және жинақтау бөлімінің меңгерушісі Қ.Қ. Сүлейменова болды.
Іс-шара соңында «Экология» кафедрасының аға оқытушысы Н.Ә. Әбдірахымов осы іс-шараны ұйымдастырып отырған кітапхана қызметкерлеріне және белсенді студенттерге алғысын білдіріп, болашақ экологтарға «Қазақстан – 2050» стратегиясының қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелеріне қатысты негізгі мақсаттарын атап өтіп, сол мақсаттарға жететін білікті маман болу үшін кітапханаға келіп білімдерін жетілдіріп отыру қажеттілігін айтты.
«Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда жастардың рухын жігерлендіріп, бойына күш-жігер дарытады. Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!» Елбасының айтқан осы бір қанатты сөздерімен кітапхана директорының орынбасары А.Б. Ақшалова шараны қорытындылады.
Ғылыми кітапхана
Жадыра Абатова,
автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі